«Еңбегі елеулі ел ағасы»
Архив саласында жеке бір адамның немесе отбасының өмірі мен қызмет ету барысында жинақталған құжаттардан тұратын архивтік құжаттарды жеке тектік қор деп атаймыз. Олар қоғам және мемлекет қайраткерлері, көрнекті ғалым, әдебиет, мәдениет және өнер қайраткерлері, соғыс ардагерлері, елімізге, қала-облыстарға еңбегі сіңген құрметті азаматтар. Жеке тектік қор құжаттарының арасынан өткен жылдардан сыр шертетін, қандай да бір тарихи факт немесе оқиғаның шын мәнінің маңызын ашатын, халқымыздың тарихи-мәдени мұрасының қайталанбас құжаттарын кездестіруге болады.
«Жақсы адам өзіне байлық жинамайды, өздері байлыққа айналады» — деген нақыл біздің қаламыздың құрметті азаматтарына айтылғандай. Архив – мемлекеттің кешегі және бүгінгі тарихының сақтаушысы. Ұлтымыздың кешегісі мен бүгінін құрайтын құнды құжаттарды болашақ ұрпаққа аманат етіп, сеніп тапсырылған. Сан ғасырлар бойы тарихымыз жекеленген адамдардың бір-біріне асыл мұра етіп жеткізумен сақталып келгені белгілі. Сондықтанда жекеленген қорлардың құрамына кіретін қолжазбалар, жазбалар, күнделіктер, биографиялық құжаттар, шежірелер тағы да басқалары қор құраушының өмірі мен шығармашылық қызметі, өмір сүрген ортасы туралы зерттеуде бірден бір дерек көзі болады. Бұл деректерді жете білу деген сөз тарихтан тағылым алу деген сөз. Соның арқасында тарихтың тағылымы бүгінімізге сабақ, болашағымызға бағдар бола алады. Жеке қорларды зерттеп-зерделеу арқылы сол кезеңнің тарихи шынайы келбетін, тыныс-тіршілігі мен саяси келбетін айқындауға жол ашылады.
Жеке тектік қорда өскелең ұрпаққа ғибраты мен өнегесi мол тұлғаларымыз өткізген құжаттар сақталған.
Қазіргі таңда «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Қонаев қаласындағы филиалында 6 жеке тектік қор иелері бар. Солардың бірі № 263 қор иесі Әлем Халықтары Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қазақ журналистикасының қайраткері, Балқаш ауданының «Құрметті азаматы», Қонаевтанушы – Есілбаев Зарыққан Әбілқасымұлының қоры.
Есілбаев Зарыққан Әбілқасымұлы 1957 жылы 26 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Тополев-Мыс ауылында дүниеге келген. Еңбек жолында 1974 жылы құрылысшы болып бастаған. 1976-1978 жылдары Кеңес-Армиясы қатарында отан алдындағы азаматтық борышын өтеген.
С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
1984-2005 жылдары Алматы облысы, Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газетінде әдеби қызметкер, бөлім менгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары лауазымдарында жұмыс жасаған.
2005-2013 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар», «Менің өлкем» газеттерінде тілші, Өскемен қалалық «Өскемен» газетінде жауапты хатшы, «Қалкен ТВ-6» телекомпаниясында журналист, редактор, Бас редактор болып жұмыс жасаған.
2013-2020 жылдары Алматы облысы, Қапшағай қалалық «Нұрлы өлке» газетінде директор-бас редактордың орынбасары қызметін атқарған.
2020-2022 жылдары газет тілшісі қызметін атқарған.
2022-2023 жылдары газет редакторы қызметін атқарған.
2023 жылдың сәуір айынан – желтоқсан айына дейін Алматы облыстық «Нұрлы өлке» газеті бас редакторының міндетін атқарушы болып қызмет атқарған.
«Аға рухымен сырласу» (2014), «Тектілердің тұяғы» (2015), «Іле-Балқаштың тұнғыш болысы» (2016), «Балқаштың абыз ақсақалы» (2018), «Ақкөл көтерілісінің ақиқаты» (2018), «Тұғырым-тұғылым» (2019), «Дінмұхамед Қонаев және Балқаш елі» (2020), «Кенесарының сарбазы Әділбек батыр» (2022), «Өтесұлы Базар баба» (2022) атты кітаптары жарық көрді.
Қонаев қаласы «Семей ядролық сынағынан зиян шеккендер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Алматы облыстық Ардагерлер кеңесі мен «Қонаев қаласының ақсақалдары» қоғамдық бірлестігінің тексеру комиссияларының және Қонаев қаласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде аймақтық қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып келеді.
2022 жылы Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына орай ұйымдастырған «Ұлы елдің ұлы тұлғасы» атты республикалық байқауда I орын, 2023 жылы Мемлекеттік тіл саясатын БАҚ-да насихаттау мақсатында ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты Алматы облыстық байқауында жүлделі III орынға ие болды.
«Қазақстан партриоты» «Құрмет иесі», «Еңбегім еліме», «Дінмұхамед Қонаев 10 жыл», «Қазақ журналистикасының қайраткері» медальдарының иегері.
Балқаш ауданы, Өскемен қалалық, Қонаев қалалық әкімдіктерінің Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған.
Зарыққан Әбілқасымұлы өзінің жеке архивтік құжаттарын өз қолымен «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-ның Қонаев қаласындағы филиалына сый ретінде 2024 жылы тапсырған болатын. Болашақта Зарыққан Әбілқасымұлы қосымша құжаттарын мемлекеттік сақтауға алуға әлі де жұмыс жасаймыз.
Күнделікті өмірде жақсы адамдардың адами қасиеттерін, үлгі боларлық істерін көре жүрсек те мән бермейміз, ашық айтпаймыз.
Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуі тиіс. Сол себептен, еліміздің терең тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттау мақсатында, елімізге еңбегі сіңген азаматтардың ұлттық құндылық пен тамыры тереңде жатқан тарихымызға қатысты жеке тектік қор құжаттары негізінде түрлі көрмелер, студент, оқушылармен кездесу сияқты іс-шаралар ұйымдастырамыз, мақалалар жазамыз. Сонымен қатар, архивке өткізілген жеке архивтік құжаттарға ғылыми-техникалық өңдеу жұмыстарын жүргізіп, ол құжаттардың дәл есебін шығарып, олардың архивте толық сақталуымен, оларадың ғылыми, тарихи мақсатта қолданылуын қамтамасыз етеді және жеке қор иесіне керек уақытында пайдалануға береді.