«Зұлмат жылдардың азабы»
Халқымыздың өткеніне зер салсаң, қисапсыз қиянатқа кез боласың. Қазақ қуғын-сүргінді аз көрмеді. Алаш баласының басына тарихта болмаған ауыр кезеңдер өтті. Кеңес үкіметінің «Ұлтшыл контрреволюциялық көтерілісшіл ұйымдарға» мүшелерін қуғындауы – соның айғағының бірі.
Қуғын-сүргін әуелден Орталықтан басталды. Кеңестік билікке қарсы «Еңбекші шаруалар партиясына» мүшелер ретінде Қазақстанда көптеген қазақ ұлтшылдылығының, қазақ күресінің, қазақ интеллигенциясының көрінісі болған «Алаш» қозғалысын құрған қайраткерлер А. Байтұрсынов,
М. Дулатов, Ә. Бөкейхан, М. Тынышпаев, М. Жұмабаев, Т. Рұсқұлов,
С.Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров, Х. Досмұхамедов, Н. Төреқұлов, Ы. Жайнақов, С. Аманжолов, С. Сабатаев партия жетекшілері мен басқа да ұлт зиялылары тұтқындалып, тағдыр тәлгегіне түсті.
Зұлмат жылдарды зерттеушілердің деректеріне қарағанда 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылған. Осы қасіретті жылдары бүкіл елде 953 лагерь болса, Қазақстанда ГУЛАГ лагері – 20-дан астам болған. Тарих дәуірлерден тұрады. Тарихшылар қуғын-сүргінді үш кезеңге бөліп қарайды.
Қуғын-сүргіннің бірінші кезеңі: 1918-1922 жылдар аралығы патша үкіметінің бұрынғы шенеуніктері, әскери адамдары, большевиктердің саяси қарсыластары, ақгвардияшылдар. Алашордашылар, имамдар, ірі саудагерлер, фабрикант байлар қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл кезең большевиктік «Қызыл террор» деп аталды және Азаматтық соғыс жылдарына сәйкес келді. Ақ-қарасы анықталмай бейбіт халық көп қырғынға ұшырады. Қуғын-сүргін мен ашаршылық салдарынан бас сауғалаған халық көрші елдерге, Қытай жеріне босып көшіп кетті.
Қуғын-сүргіннің екінші кезеңі: 1927-1933 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезең «Ұжымдастыру» саясатына қарсы деген айыппен көптеген ірі байлар мен орташалардың мал-мүлкі тартып алынып, сотталды. «Ұжымдастыру» солақай саясатының зардабын халық тартып 1932-1933 жылдар аралығында қазақ халқы жаппай ашаршылыққа ұшырады.
Қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі: 1936-1938 жылдар аралығында болды. Бұл кезеңді тарихшылар Сталиндік «Үлкен террор» деп атайды. Негізінен «халық жауы» деген айып тағылған партия мүшелері, интеллигенция өкілдері, шаруалар қуғын-сүргінге ұшырады. НКВД үштігі құрылып, жалған тағылған адамдар сот үкімінсіз атылды. Дегенмен, Сталиндік қуғын-сүргін мұнымен тоқтаған жоқ…. Сталиннің өліміне дейін, яғни 1953 жылға дейін жалғасты. Қолдан жасалған қуғын-сүргін ұлтымыз үшін ең ауыр, ең қасіреті қайғыға ұласқан кезең болды. Ұлт көшін бастайтын зиялы қауым, жақсы-жайсаң өмірі тарыдай шашырап, өмірлері оққа байланды. Бір халықтың тарихы үшін
архивтің алар маңызы ерекше. Архив – ұлттық байлығымыз. Саяси қуғын-сүргіннің ұлтқа тигізген кесірі мен кесапатының архив құжаттарынан да көреміз. «Алматы облысының мемлекеттік архиві» ККМ-сінің №№ 270, 348, 489, 558, 830 қор сақтауындағы құжаттарында қазақтың қуғын-сүргінде көрген азабы, жан төзгісіз қасіретке ұшыраған адам тағдырларын көреміз. «Алаш» қозғалысының Жетісу облысындағы беделді қайраткерлері Мұхамеджан Тынышпаев, Садық Аманжолов, Сатылған Сабатаев, Ыбрайым Жайнақовтың жеке құжаттарымен куәліктер, хаттамалар, жарлықтар, сот ұйғарымдары т.б. құжаттар кездеседі. Атап айтқанда, Ыбрайым Жайнақовтың өз қолымен жазған қолхаты, үй мүлкін тәркілеу туралы анықтамасы, сұрақ-жауап алу қағазы мен оны түрмеден босату туралы ел-жерден келген телеграммалар, түрмеден босату туралы құжаттары және № 2268 жеке қор иесі, белгілі «Алаштанушы» тарихшы, Ұлттық ҒА академигі Кеңес Нұрпейісовтің «Алаш Һәм Алашорда» (1995) туралы қолжазбасы архив қоймасында сақтауда. Тарихи шындық әрдайым алға шығады. 1993 жылғы 14 сәуірде Қазақстан Республикасында қабылданған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң, заңдық негіз қалады. Тәуелсіз Қазақстан Алаш қайраткерлерінің мұраларын тас қапастан құтқарды. 1991 жылы Алматы облысы Әли мен Жаңалық ауылдары ортасынан 1930-1940 жыл аралықтарында репрессия кезінде атылған 4121 адамның жаппай көмілген орны табылды. 2002 жылдың 31 мамырында Жаңалық ауылында қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш қойылды.
1997 жылдан бастап 31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін мен миллиондаған адамдардың өліміне әкеп соқтырған жан түршігерлік ашаршылықты еске алу күні атап өтіледі.
31 мамыр – ХХ ғасырдың басында талайды қайғыға душар еткен, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай,
Алматы облысының мемлекеттік архивінің қызметкерлері «Жаңалық» ауылындағы қуғын-сүргінде құрбан болған азаматтарына арналған музейінде архив сақтауындағы қор құжаттарынан; Репрессия жылдарына қатысты деректерден көрме ұйымдастырып, көрермендер назарына ұсынылады және ескерткіш-мемориалға гүл шоқтарын қойып, тағзым етеді. «Қуғын-сүргін құрбандары» кешегі Алаш арыстарының жанпида жолы, арда тағылымы. 2020 жылғы 24 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Жарлыққа қол қойып, мемлекеттік комиссияның құруына себеп болды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында, қуғын-сүргінге ұшыраған, атылған азаматтарды еске алу, халқымыздың қасіретімен бөлісу арқылы тарихи санамызды тағы да бір жаңғырту. Демократия, толеранттылық, адам құқықтарына деген құрмет Қазақстандықтардың өмір айнасына айналып келеді. Адамның асыл мұраты өткеннен тәлім алу. Өзінің ерлікке толы тарихымен танысқан елдің рухы асқақтайды.