«Өнерімен із қалдырған»
Театр – өмірлік мәселелерді шешудің жоғарғы сатысы. Театр сахналық өнердің өмір көрсететін драмалық әрекет арқылы көрермендердің көз алдында актерлер күшімен бейнелейтін түрі. Адамның бар жан-дүниесін бір қойылым арқылы ақтарып, тіпті кей кезде белгілі бір проблемалардың да шешімін табуға септігін тигізіп әрі шынайы эмоциялар сыйлай отырып, әрбір тұлғаға ой салып, керек кезінде тәрбие беретін сондай бір жұмбақ іспеттес. Мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету мүмкін емес.
Қазақ өнеріңде өзіндік орын бар тұлға, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген әртісі Телеубаев Рахметбай Базарбайұлы 1935 жылы 08 наурыз айында Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Шоқан ауылында дүниеге келген.
1953 жылы Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы Ерлер орта мектебін тамамдаған.
Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ әдебиеті және қазақ тілі мамандығын алады. Кейін 2 жыл актерлық шеберлікке оқиды.
Талғар қаласындағы Жаңалық орта мектебінде орыс тілі пәнінен сабақ берді. Өз бойындағы даралық пен жазушылық қасиеті бар, Телеубаев Рахметбайдың шығармашылық өлеңдері, очерк, әдеби әңгімелері аудандық, кейін республикалық газеттерде жарық көре бастады.
1959 жылы Абай атындағы педагогика институтының тарих-тіл әдебиеті факультетін бітірген Телеубаев Рахметбайды осы институт драма үйірмесін басқаратын, оның актерлық шеберлігін байқаған Қазақ КСР-ның халық әртісі болған үлкен талант иесі Байділда Қалтаев Жас көрермендер театрына (ТЮЗ-ға) шақырды. Рахметбай Телеубаев үшін осы ұсыныс қанша қымбат болса да, ол арнаулы білімі жоқтығынан қорынып бата алмаған болатын. Дәл осы жылы «Қазақфильм» киностудиясы өрімдей жастарды жиып алып сыннан өткізіп жатқан. Бұл жазда Телеубаев Рахметбайдың да жұлдызы жанып, Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Сәбит Оразбаевтармен бірге студияға қабылданды. Алғаш рет Ш. Бейсенбаев қойған «Бұл менің ұлым» атты фильмде жұмысшы ролін сәтті ойнап, өнер жолына тұңғыш қадамын жасады.
Телеубаев Рахметбай бұдан да бірнеше фильмдерге басты рольдерді сомдайды. Олар – С. Қожықановтың «Егер біздің әркайсымыз» атты фильмде Мұзапар ролін; «Ән шақырады» фильмде Әскен шофер; Ш. Аймановтың «Бір ауданда» фильмінде зоотехник ролін шеберлікпен сомдайды.
Шакен Айманов 1969 жылы «Найзатас» фильміне Дәуқара роліне лайықты деп Рахметбай Телеубаевты шақырады.
Бір кездескенде Шакен Айманов театрға баруды кеңес береді. — «Егер шын өнер адамы болғың келсе, театрда шыңдал, сендей болатындарды шындайтын шаңырақ сол» — деген екен.
Рахметбай Телеубаевты 1965 жылы Жаңалық орта мектебіне директор болып тағайындайды, 1967 жылы партия жұмысына ауысады.
Бірақ, өнерге, театрға, киноға деген құштарлығы жеңеді. 1968 жылы
М. Әуезов атындағы Академиялық драмалық театрдың актерлық студиясына оқуға түседі.
1970 жылы 20 маусым айында студияны аяқтаған соң, театрдың штатына қабылданады. Сол кезден өмірінің соңына дейін Рахметбай Телеубаев бүкіл өмірі осы театрдың атымен байланысты болды. Дәл осы жерде өзінің жақсы рольдерін күш-жігермен, шабыттана сомдап көрермен көзайымына айналды.
1973 жылы театр Мәскеу қаласына гастрольдік сапарымен барады, онда қазақстандық авторлардың пьесаларын сәтті қойылымдарын көрсетті.
1982 жылы Қазақ КСР Кеңесі Президиумының Қаулысымен Қазақ Мемлекеттік Академиялық М. Әуезов атындағы театрының әртісі Рахметбай Телеубаевқа «Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді.
Қазақ рухатиятына өлмес із қалдырған өнер сүйер қауымға таусылмас асыл қазына сыйлаған Рахметбай Телеубаевтың жеке құжаттары (Қор № 948, 50 сақтау бірлігі) Алматы облысының мемлекеттік архивінде сақтаудағы құжаттар актердың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді.