«Ерлік даңқы ешқашан өшпейді»
«Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Жамбыл филиалына құжаттары 1998 жылы қабылданған жеке тектік қор иесі – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының және Еңбек ардагері, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденінің иегері Кобетай Созақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр.
Кобетай Созақбаев Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ынтымақ ауылында 1925 жылы қаңтардың 1 күні дүниеге келген. 1942 жылы Қарғалы ауылындағы Қарғалы орта мектебінде оқып жүрген жігіттерден команда құрылып Москваға жіберілген. Майданға шақырылған жігіттер 1943 жылдың қаңтар айында Мәскеу облысындағы Волоколамск шоссесі түбіндегі орта дәрежедегі командирлер дайындайтын мектепке қабылданып, осы жылдың наурыз айында аталған мектепті бітіріп алғы шепке аттанған. К. Созақбаев «Қазақстаннан келген 70 баланың 28 орта дәрежедегі командирлер дайындайтын мектепті бітіріп шықтық. Біз тек кешке оқып, күндіз жаралыларды жинауға көмектестік және немістерге қарсы соғыстарға қатысып жүрдік» деп еске алады.
1943 жылдың 19 қыркүйегі күні К. Созақбаевты бірінші Балтық майданына артиллерия взводының командирі етіп жіберген.
1944 жылдың 22 тамызындағы В. Сталиннің «Наступление» деген бұйрығымен госпитальдан шыққан ол Манжурияның шекарасындағы Мулин қаласын неміс-фашистерінен азат етуге қатысқан. Сонымен
К. Созақбаев әріптестерімен қатар Муминди, Мудадзия қалаларын, Эстонияны, Кореяны азат етуге қатысқан.
Ұлы Жеңісті — 1945 жылдың 9 мамырын Кореяда қарсы алған.
1947 жылдың мамыр айынан 1950 жылдың сәуір айына дейін № 39255-В әскери бөлімінің рота және мылтық командирлерінің старшинасы болған. КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы негізінде К. Созақбаев 1950 жылдың 28 қаңтары күні туған жеріне демобилизацияланды.
Соғыстан аман-есен оралған К. Созақбаев 1950-1952 жылдары Қаскелең ауданында Ленин жетіжылдық мектебінде денешынықтыру мұғалімі, 1953-1962 жылдары Жамбыл аудандының Ынтымақ, Таран, Ақсеңгір, Рославль мектептерінде ұстаздық еткен. 1963-1984 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер органдарында қызмет атқарған. 1986-1988 жылдары Жамбыл ауданының Ұзынағаш көкөніс-сүт совхозында жұмыс істеген К. Созақбаев 1988 жылы зейнеткерлікке шыққан.
Бейбіт өмірдегі елімізге сіңірген еңбегі үшін 1967 жылы «За безупречную службу в Министерство внутренних дел КазССР», 1984 жылы «Еңбек ардагері» мадальдерімен марапатталған.
2013 жылы Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Кобетай Созақбаев өмірден озған.
К. Созақбаевтың құжаттары 1998 жылдың 24 қазанында «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Жамбыл филиалына тұрақты сақтауға өткізілген.
Алматы облысының мемлекеттік архивінің Жамбыл филиалы филиалға өткізілген жеке тектік қор иелерінің құжаттарын насихаттау барысында бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар, көрмелер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып отырады.