«Қазақ даласындағы мал-мүлікті тәркілеу тарихы 1928 ж.»
Қазақ халқының өткеніне зер салсақ, қисынсыз қиянатқа, қасіретке кез боласың..
Қалың елдің іргесін бұзып, нақақтан қаралап, шаңырағын шайқалтып,еркін елдің, ауқаттылардың мал-мүлкін тәркілеу мен шаруашылыққа зор нұқсан келтірілгені, жер аударылған байлардың отбасының зар-мұңын, күйзелісін тарих толқынынан белгілі.
Қазақ байларын тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының бастамасы болды. Байлардың мал-мүлкін тәркілеуден қазақ кедейлері материалдық жағынан да, рухани жағынан да ештеңе ұтқан жоқ. Керісінше, байлардың малын тәркілеу халықтың жағдайының күрт төмендеуіне алып келді. Қазақстандағы ауқатты шаруа қожалықтарын тәркілеу мал шаруашылығының даму қарқынын тежеді. Малмен күн көріп отырған қазаққа бұл саясат ауыр соққы болып тиді.
Қазақстан тарихындағы, кеңестік қызыл империяның үдемелі индустрияландыру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру саясатын күштеп жүргізуі бай-кулактарды тәркілеуден басталды. Қазақстандағы байларды кәмпескелеу туралы архив деректері бойынша кей құжатта 285712 бас тек қана ірі қара мал жинап аламыз деген кеңес үкіметінің жоспары болған. Нәтижесінде алғашқы тәркілеу кезінде 142737 бас мал, 108 ағаш үй және тағы басқа мүліктер тәркіленгені хатталған.
1927 жылы желтоқсанда ірі бай шаруашылығын тәркілеу жөніндегі заң жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды.1928 жылы наурызда Қазақ өлкелік комитетінің бюросы ол заң жобасын бірнеше рет қарап нақтылады. Осы жылдың тамыз айында Өлкелік комитет тәркілеу науқанына тікелей басшылық жасайтын комиссия ұйымдастырды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды, оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмақов, Ғ. Тоғжанов, О. Жандосов және т.б кірді. Аталған қаулы қабылданғаннан кейін республиканың барлық округтері мен аудандарына тәркілеуді іске асыру бойынша арнайы нұсқаулар жіберілді.
Қаулы бойынша көшпелі аудандарда мал-мүлкі тәркіленіп, өздері жер аударылуға тиісті ірі байлар санатына ірі қараға шаққанда 400-ден астам малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар, отырықшы аудандарда 150-ден астам малы барлар және бұрынғы хандар мен сұлтандардың ұрпақтары жатқызылды.
Округтік атқару комитеті Төралқасының жанындағы бай шаруашылықтарын тәркілеу жөніндегі Алматы округтік комиссиясы ОСК және КАССР ХКК-нің 1928 жылғы 27 тамыздағы «бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы»Қаулысы негізінде құрылды.
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатқан қазақ коммунистерінің байлардың мал-мүлкін тәркілеу науқаны ел арасында «кәмпеске» деген атпен белгілі болды. «Бай мен кедей» деп бір қоғамды екіге бөліп, бір-біріне қарсы қойған большевиктердің бұл саясатының салдары қазақ халқы үшін өте ауыр болып алапат ашаршылыққа ұрындырған себептердің бірі еді.
Алматы облысының мемлекеттік архивінде сақталған № 591 «Байлардың мүлкін тәркілеу бойынша Округтік атқару комитеті жанындағы Алматы округтік комиссиясы» (Алма-Атинская окружная комиссия по конфискации байского имущества при окрисполкоме» атты қордағы құжаттар тәркілеу науқанының тарихынан да мол мәліметтер береді.
Міне осылай, қазақ халқының ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы тарихи бақытсыздық, қырғын әкеліп, тұтас бір ұлттың жартысына таяуын қырғынға ұшыратып, елеулі бөлігін жат жерге амалсыздан қоныс аудартқан қайғылы оқиғалар орын алуымен ерекшеленеді. Өзінің сан ғасырлық қайғы-қасіретке толы тарихында қазақ халқы тағдырдың талай тәлкегіне түсіп, көптеген оқиғаларды басынан өткерді.