«Ауылына ардақты ақсақал»
Қазіргі уақытта қоғамда қазақ халқының тарихына, оның ертедегі және кейінгі өткен белестеріне, қоғамның дамуына маңызды үлес қосқан жеке тұлағалардың өмірін зерттеуге деген қызығушылық артып отыр. Қазақстан Республикасы «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» заңына сәйкес Ұлттық архив қорының жасақтау көзінің бірі жеке тектік құжаттар болып табылады. Сондай жеке қор иесі- халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп, бүгінге жеткізген ардақты ақсақал. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, Кеген-Райымбек ауданының ақсақалдар алқасының төрағасы, зейнеткер-Оразаев Советтің биыл, 95-жылдық мерей тойы.
Оразаев Совет 1930 жылы Алматы облысы, Кеген ауданы, Ленин атындағы колхозда, шаруа отбасында дүниеге келген. 1947 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Нарынқол орта мектебінің орта білімі туралы куәлігін алып, осы жылы «Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты»-ның орыс әдебиеті және қазақ тілі факультетіне оқуға түсіп, 1951 жылы тіл, әдебиет пәнінің мұғалімі болып оқуын аяқтаған. Алматы облысы Кеген ауданында комсомолдар ұйымында екінші хатшы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Жалаңаш орта мектебінің директоры, аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Кеген, Райымбек ауданының ақсақалдар алқасының төрағасы болған.
Алғашқы еңбек жолын 1951-1952 жылдары Балқаш ауданындағы, Бозжанов атындағы орта мектепте ұстаз болып бастаған. 1952 жылдың қаңтар-тамыз айларының аралығында осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі, 1953 жылы Бақанас ауылдық орта мектебінде мұғалім болған. 1961 жылы Алматы облысы Кеген ауданының №51 Тасбұлақ ауылында депутат болып сайланады. Алматы облысы, Кеген ауданында комсомолдар ұйымында екінші хатшы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Кеген ауданы Жалағаш орта мектебінің директоры, аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, сондай-ақ, 1973 жылдан бастап зейнет жасына шыққанға дейін Кеген аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болды. Зейнетке шыққаннан кейінде өмірінің соңына дейін Кеген-Райымбек ауданының ақсақалдар алқасының төрағасы болып қызмет атқарған. Аудан халқының алдында абыройлы да ардақты ақсақал атанды.
Еліне сыйлы, халқының абырой беделін асыру үшін тынымсыз еңбек еткен. Өзінің еңбек, өмір жолында көптеген наградалармен, атап айтсақ, 1966 жылы КСРО Жоғарғы Советі президиумының секретарының «За Трудовую доблесть» төс белгісімен, 1970 жылы Кеген аудандық советінің Атқару комитетінің «За Доблесный труд» медальімен, 1995 жылы Кеген аудандық әскери комиссариатының «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің елу жылдығы», 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Астана», 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл», 2004 жылы Украина Президенті Л.Кучманың жарлығымен «60 ROKIB ВИЗВОЛЕННЯ УКРАIНИ ВIД ФАШИСТСЬКИХ ЗАГАРБНИКIВ», 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Алматы облысының әкімі Ш.Құлмахановтың «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл», 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік төс белгісімен, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен «Құрмет» орденімен және басқада көптеген медальдармен, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Совет Оразаевтың білімі, ой-санасы, алғырлығы өзінің қолымен жазылған естеліктерінде айқын көрінеді. 2012 жылы «Тастүлек» кітабы жарыққа шыққан. Бұл кітабында тұтас бір ұрпақтың бастан өткен өмірі, бастан кешкен тірлігі қозғалады. Сондай-ақ 2015 жылы «Қайран ерлер-қаһарман ардагерлер» атты кітабы шыққан. Кітапта Ұлы Отан Соғысының отты жылдарымен бейбіт өмірдегі жауынгерлердің ерен еңбегі жайлы айтылған.
«Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Кеген филиалына 2021 жылы сый ретінде келіні Асылбекова Нағима құжаттарын өткізді, №140 жеке қоры берілді.
Жеке қор иелері әр түрлі кәсіппен айналысқан адамдар.Олардың өмір жолдары кез-келген адам біле бермейтін, тарихтың бір парағы. Бұл парақтар жеке адамның өмірі мен қызметі барысында жеке тұлға болып қалыптасуы жолында жинақталған құжаттардың түп деректері болып келеді. Ал ол құжаттар әр қоғамның дамуынан сыр шертетін тарихымыздың бір бөлігі болып табылады.