«Ашаршылық – Зұлмат заман»

Қазақстан хронологиясындағы 1930-1933 жылдар қазақ тарихында «Зұлмат заман», «Ұлы нәубет», «Ұлы жұт» деген қара әріппен жазылатын, азалы жылдардың атасы – ашаршылық жылдары еді. Қазақ өлкесінің билігіне 1925 жылы Филипп Исаевич Голощекиннің келуімен қолға алынған іс – 1928 жылдың көктемі мен 1928 жылдың күзінде жүргізілген тәркілеу елдегі ашаршылықтың бастауы болатын. Тәркілеу, кәмпескелеу желеуімен «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұраны аса қатыгездікпен жүзеге асырылғаны мәлім. 11260 шаруа қожалығы тәркілеуге ұшырап, одан 4,5 миллионға жуық мал алынды (ірі қара мал басы бойынша). Голощекиннің өзі айтқандай, Кеңес үкіметінің алғашқы жоспарлары бұдан екі есе зор болатын. Олар қазақтың малын барынша тәркілеуді көздеді. Байлардың жалпы мал саны әр шаруашылықта 150 бастан аспауы керек еді. Бірақ кейін тәркілеу жоспарына өзгерістер енгізіліп, басқа нормалар белгіленді.
Голощекиннің «Кіші қазан» идеясының аясында жаппай кеңестендіру жүйесін енгізіп, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығын өзгертуге бағытталған жұмыстар жүргізілді. Күштеп ұжымдастыру тәсілдері астық, ет дайындау науқанын көп мөлшерде орындау қажеттігіне қарамастан, қазақ көшпелі өмір салтын отырықшыға айналдыру стратегиясы 1929 жылдан бастап Қоныстандыру басқармасының әзірлеген шаралары негізінде жүзеге асырыла бастады. Қазақтарды жаппай отырықшыландыру саясаты қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығының күйреуі болып табылатынын айқын байқаймыз. Отырықшыландыру барысында негізінен адамдарды емес, малды «отырықшыландыруға» баса көңіл бөлінді. Сондықтан да алғаш тұрғын үйлер емес, мал қоралары салынды. Ф. Голощекиннің логикасы бойынша бұрын өз аяғымен еркін жайылған малды қораларда қамап ұстаған жағдайда көшпелі немесе жартылай көшпелі қазақ шаруасы амалсыздан мал қораларының жанына қоныстануға, яғни отырықшылануға мәжбүр болатын еді. Бірақ мұндай әрекет дәстүрлі мал шаруашылығын күйретіп қана қоймай, малдың арасында жұқпалы аурулардың жандана түсуіне жол ашты. Ветеринарлық көмек әлі жолға қойылмаған ауыл шаруашылығында мұның өзі малдың ғана емес, халықтың да әртүрлі ауру-сырқауға шалдығуын күшейтіп жіберді. Тарихи деректерге сүйенсек, сол жылдары қазақ даласында 40 миллион бас мал болса, 1930 жылдарға келіп 4 миллиондай мал қалған. Бұл қазақ халқының аштыққа ұшырап, жаппай қырылуына әкелген, тарихта «голодомор» деген атпен қалған қасірет болатын. Отырықшыландырумен қатар жүргізілген ұжымдастыру саясаты, өкіметтің индустрияландыруды жеделдету науқандары да халықтың ресурстарын тонап, азық-түлік тапшылығына әкелді. Миллиондаған адамдар азық-түлік тапшылығы мен ашаршылыққа ұшырады. Құрбандар саны туралы ресми деректер әртүрлі, бірақ болжам бойынша бірнеше жүз мыңнан бірнеше миллионға дейін жетеді. Ашаршылық әртүрлі аурулар мен індеттердің таралуына әкелді. Дұрыс тамақтанбау және гигиенаны сақтамау іш сүзегі, дизентерия және тұмау сияқты жұқпалы аурулардың таралуына оңтайлы жағдай жасады. Ашыққан халық аман қалу үшін тіпті елін тастап, Қытай, Ауғаныстан, Иранға бас сауғалай бастады. Патшалық Ресейдің екі ғасыр бойы іске асыра алмағанын сегіз-ақ жыл ішінде жүзеге асырды. Демографтардың нақты деректеріне сүйенсек, 20-30 жылдардың ойраны анау «ақтабан шұбырындыны» екі орап алардай тым алапат…
Алматы облысының мемлекеттік архивінде сақталған құжаттардан зұлмат заманнан сыр шертетін небір құнды деректерді кездестіруге болады. Мысалы, № 685 қордың 6 тізімдемесі, № 12 істің 17-18 беттерінде ашыққан қазақтардың Қытайға үдере көшіп жатқандығы жазылған құжат кездеседі. Аталмыш қордың осы істегі 32-33 беттерінде 1933 жылдың шілде-тамыз айларында Қордай ауданының өзінде аштыққа ұшыраған 75 адамның 69-ы қайтыс болғаны, Еңбекші-қазақ ауданында ашыққан 50 адамның 10-ы қайтыс болғаны жазылған құнды ақпараттар кездеседі. Ең сорақысы № 1 қордың 15 тізімдемесі, № 56 істің 13 бетінде ашыққандардың адам етін жегендігі, жылқы нәжісінен сұлы теріп жеп, тіпті малдың терісін азық еткендігі және дәретханада адам нәжісін қорек еткендігі жазылған, сонау сұрапыл саясаттың нәтижесінде орын алған «Зұлмат заманнан» сыр шертетін құнды құжаттар да бар.
Ашаршылық тірі қалғандардың психологиялық және эмоционалдық күйінде терең із қалдырды. Олар күйзеліске ұшырап, жақындарынан айырылып, қиын өмір сүру жағдайларын басынан өткерді. Бұл денсаулыққа және аштықтан қалпына келтіруге кері әсер етті. 1930-1933 жылдардағы ашаршылық Қазақстан тарихында өшпес із қалдырды. Ашаршылықтың салдары дағдарыстың өзі аяқталғаннан кейін де жалғасты. Қираған экономика мен әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру көп жылдарға созылды, ал Қазақстанға ашаршылықтың салдарын жеңіп, қалпына келе бастау үшін айтарлықтай уақыт қажет болды. 1930-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық өлке өмірінің барлық саласына елеулі әсер етіп, тарихындағы ең қасіретті тараулардың біріне айналды.
Қазақ даласындағы сол зұлмат жылдардың тарихи құжаттарын болашақ ұрпаққа сақталуын қамтамасыз етіп, оның тағылымы мен сабақтарын өскелең ұрпаққа насихаттап жеткізу облыстық архив қызметкерлерінің міндеті деп ойлаймын.

Мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің архивисті
Ж.А.Тлеуова