«Талғардың тағылымды тарланы»
Елі үшін ерен еңбек етіп, халықтың ықылас-ілтипатына бөленіп, еселі еңбегімен ел жадында жүрген азаматтар аз емес. Бойындағы ерекше талантымен, қарапайым адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне ие болып, бейбіт заманда еңбегімен ел ырысын еселеп келген алдыңғы буын ағаларымызды мақтанышпен еске аламыз. «Өз есіміңді мәрмәр тасқа емес, адамдардың жүрегіне жаз» деп даналар айтпақшы есімі күллі қазақ еліне танылған, отты жырлары талай жүректерден жол тапқан ақын, драматург, журналист Мұса Жанәділов осындай шоқтығы биік азаматтардың бірі болатын. Мұқағалидай ақиық ақыннан бата алып, ақындыққа жол тартқан ақынның артына қалдырған ғибратты сөзі мен ұлтына сіңірген еңбегі ғана ел есінде қалғаны рас.
Жер жәннәті Жетісу өңірінің Алматы облысына қарасты қасиетті Нарынқол ауданында 1941 жылдың 25 мамырында дүниеге келген Мұса Жанәділов сексеннің сеңгірін асып дүниеден озған еді. Еңбек жолын өзінің туған ауылы Текесте клуб меңгерушісі болып бастаған оның алғашқы жырлары 1962 жылы аудандық «Советтік шекара» газетінде жарық көре бастаған болатын. Жас ақынға сәт сапар тілеген Мұқағали Мақатаев: «Кәдімгі қаламы төселіп қалған ақындардай-ақ өзінің ұтымды ой, жып-жылы сөздерімен қуантады бізді. Мұса жырлағалы отырған тақырыбын өзінің сезінуі арқалы өзінше ып-ықшамды ойлармен, теңеулермен жеткізе білуге ұмтылады» деген екен.
Мұса Жанәділұлы 1965 жылы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде журналистік еңбек жолын бастап, онда төрт жылдай еңбек етіп, кейіннен Кеген ауданының «Коммунизм нұры», қазіргі «Қарқара» газетіне ауысқан. Тілшілік қызметпен тірлігін қамдаған ол елдік, ұлттық, қоғамдық проблемалардан бастап, өмірдің түрлі салаларындағы сан алуан түйткілдерге дейін жазған. Адам жанының қыртыс-қатпарларына дейін үңілген. Оқырман сұрауына, қоғам ыңғайына орай қалам тербеп, жалғандық пен жағымпаздықты жаны сүймеген. Өз ісіне шынайы берілген шыншыл жанның кейбір сын мақалалары қамшыдай осып жіберетіні де болғанын айтады әріптестері. «Сын айта білу – әдеп, айтылған сынды қабылдай білу – мәдениет!» демекші оның қаламынан шыққан сын мақалалары мен әлеуметтік мәселені қозғаған дүниелері көпке ой салып, нәтижелі іске бастау болған. Осындай жан тебіреністерін кейде өлеңмен ақтарып, оқырмандарына жеткізіп отырған Мұса Жанәділұлының ақындық бір басқа болған.
Мұса Жанәділұлы «Қарақара» газетінде жиырма бес жылдай табанды еңбек еткен. Осы жылдар аралығында аудан айнасында еңбек ете жүріп «Көктем тынысы», «Шыңдар», «Кегенім менің өлеңім», «Жүрек лүпілі» сынды жыр жинақтарын өмірге әкеліп, «Шопан ауылының шырайы», «Түлеген өңір» атты проза жанрдағы кітаптары да жарық көрген. «Арманым сізге аманат», «Ереуіл төбе ерлері», «Тойланбаған той» атты драмалық шығармалары аудандық, ауылдық Мәдениет үйлерінде жиі-жиі сахналанып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген. Ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінің арқасында осы жылдары «Еңбек ардагері» атағын алыпты. 1992 жылы өмір ағынымен Талғар ауданына қоныс аударып, аудандағы «Талғар» газетіне жұмысқа қабылданып, онда жиырма екі жыл тер төккен.
—Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Адамзат ішіндегі ең жүрдек жандар – журналистер. Олардың бармайтын жері, шықпайтын шыңы жоқ. Журналистер – жүрек жыршысы әрі көреген халық. Аспандағы бүркіт жердегі жорғалаған құмырсқаны көрсе, журналистер жұрт жүрегінің лүпілін сезеді де, жарыққа шығарып, жария етеді», – деген екен. Сол қауырсын қаламды серік еткен қауымның талантты өкілінің бірі – Мұса Жанәділов. Мұса атамызды ерекше «Талантты» деп айтуымыздың өзіндік себебі бар. Қаламгерлігі қалыптасқан ақындығы мен ұшына найзаның күшін жиған қарымды журналистік жолы, драматургия жанрына жақындығы да ел ағасын өзгелерден ерекшелендіріп тұратын. Еңбек жолын тілшіліктен бастап, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, тіпті бас редакторды да алмастырып отырған. Қызығы мен қиындығы қатар өріліп жататын журналистік жолында жинаған атақ-абыройымен қоса тәжірибесі мол, қаламы жүрдек, ойы өткір қайсар тұлға ретінде ел ықыласына бөленді. Осындай аға буынның ізін жалғап келе жатқан біздерге ұлағатты ұстаз бола білді. Мені де алғаш журналистика саласына келгенімде сары уыз балапандай баулып, осы саланың қыр-сырына қанықтырған Мұса атам болатын. Студент кезімнен бастап, «Талғар» газетінде еңбек еткен он сегіз жылда фототілшіден бастап газеттің бас редакторы қызметіне дейін көтеріліп, абройлы еңбек етуіме Мұса атамыздың да қосқан үлесі зор екенін айтқым келеді. Осындай қарымды қаламгердің, ақын, драматургтың шекпенінен шыққанымды мақтан етемін. Атамыздың қасиетті Талғар топырағына келіп жинақтаған «Мен келгенде Талғарда күз болатын» және «Түлеп ұшты жүректен жыр құстарым» кітаптарының жарыққа шығуына аз да болса үлес қосқанымды өзіме мәртебе санаймын. Мұса атамыз өмірден өткенше біздерге ақылын айтып, кеңесін беріп, кемшілігімізді түзеп отыратын еді. Еңбек ардагерінің жастарға берер тәлімі мол болды. Осындайда атамыздың көзі тірісіндегі адамдық асыл қасиеттері мен бауырмалдық адал пейілі жанарымыздың ауқымында аунақшып тұрады. Қара жерге қимағанымызбен, амал қанша. «Тіршілік — тұтамдап таусылар шырақтай»- демекші, дәм-тұзы таусылған шақта бұл пәнимен қош айтысып, мәңгілік сағынышқа айналып кете барады екен. «Қанаты бүтін сұңқар, тұяғы бүтін тұлпар жоқ» дегенді енді түсінгендейміз,— дейді шәкірттерінің бірі Перизат Нұрқаева қарымды қаламгерді сағынышпен еске алып.
Өнегелі өмір жолында Мұса атамыз талай-талай жыр мүшәйраларының жүлдегері атанып, бүгінде үлкен сахналарда шырқалып жүрген көптеген әнге сөз жазыпты. Атақты әнші Ғалымжан Жолдасбековтың бағын ашқан «Ақ тілек» әні мен Бақыт Қуандық орындап жүрген «Кегенімді сағындым», райымбектік жастардың әнұранына айналған «Нарынқол жастарының вальсі» сынды әндері өз тыңдармандарын тауып үлгенген. Ақындығы бір төбе, азаматтығы бір төбе болған талант иесі өз ісі мен кәсібіне деген адалдығынан еш айнымаған. Сабырлы да салмақты мінезімен елге қадірлі, халыққа сыйлы бола білді. Шығармашылық пен ізденіске толы өмір жолында Мұса Жанәділов Талғар, Райымбек, Кеген аудандарының «Құрметті азаматы» атағын алып, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағына мүше болды.
Мұса атамыз көзінің тірісінде журналистика саласына елу жылдан аса сіңірген еңбегінің рахатын көріп, өмірлік серігі Нұрғиса әжеміз екеуі қызын қияға, ұлдарын ұясына қондырып, олардан немере, шөбере сүйіп артына ұрпақтарын қалдырды. Мұса Жанәділұлы өмірден озса да артында топ-топ кітаптары мен драмалық шығармалары, газет бетіне жарияланған мақалалары, ортасының шырайын кіргізіп отыратын өнегелі сөздері мен ашық-жарқын айтылатын әзіл әңгімелері қалды. Талғар шежіресіне өзінің атын алтын әріптермен жазып кеткен Мұса Жанәділовтің есімін енді кейінгі ұрпақ архивтің сарғайған беттерінен оқитын болады.