Архив тарихы

Алматы  облысының  мемлекеттік архиві өзінің бастауын (құрылған мерзімі дәл анықталмаған) облыстық  архив қорынан  алады.

Онда архив 1919 жылдан бастап  жұмыс істей бастағаны, оның штатында 4 қызметкері болғаны туралы мәліметтер бар.

Ал, облыстық архив қорын құру туралы бұйрықта оның Түркістан  АССР  халық ағарту комиссариатының Орталық архив басқармасының құрамына 1921 жылдың 25 қаңтарында кірді деп көрсетілген.

Құжаттарды жинап сақтау Жетісуда революцияға дейін де болған. Олар архив ісіне ынталылардың іс-әрекеттерінің арқасында сақталынып қалды. Бұл құжаттар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архив қорларының едәуір бөлігін құрайды.

1924 жылдың қазан айында Орта Азия және Қазақстан республикаларының ұлттық мемлекеттік межеленуіне байланысты Жетісу губерниясы Қазақ АССР-ның құрамына қосылды. Жетісу губерниялық архиві (1928 жылдан бастап Алматы округтік) Қазақ АССР-ның Орталық Аймақтық архивінің  басқаруына өтіп, 1929 жылдың соңынан 1933 жылдың желтоқсанына дейін оның құрамында болды.

1933 жылы 26 қазанда Алматы облыстық еңбекшілер депутаттары Кеңесі атқару комитетінің бөлім құқығында Архив басқармасы құрылды. Сонымен қатар, бұрынғы округтік Архив бюросының қоры негізінде Алматы облысының мемлекеттік Архиві құрылды. Облыстық мемлекеттік архивтің бірінші бұйрығы 1934 жылдың 08 қаңтарында белгіленген.

         1935 жылдың наурыз айында Алматы облысының 16 ауданында аудандық архивтер ұйымдастырылды.

1939 жылдың ақпан айынан бастап 1960 жылдың тамыз айына дейін облыстық мемлекеттік архив Алматы облыстық архив басқармасының ІІХК (кейін ІІМ) қарамағында болды, 1960 жылдың 19 тамызынан бастап Алматы облыстық атқару комитеті жанындағы архив бөлімінің қарамағына қайтадан берілді. Архив ұзақ уақыт бойы құжаттарды сақтауға жарамсыз үй-жайларда болды.

1950 жылдардың аяғында 1960 жылдардың басында облыстық архив қаланың бұрынғы ауқатты тұрғындарының бірінің үйінен орын тапты. Бұл ағаш бөренесінен жасалған жертөлесі бар (құжаттар сақталатын) және архив ұжымы мен зерттеушілер жұмыс жасайтын кең бөлмеден тұратын бірқабатты үй болатын.  Архив ісі бастығының жеке кабинеті ауладағы  флигельден орын тапты.

  1962 жылы архив Республиканың архив басқармасы және Орталық мемлекеттік архивтерімен бірге арнайы тұрғызылған ғимаратқа ауыстырылды.

1977 жылдан бастап облыстық мемлекеттік архив филиалдары құрыла бастады, бұл облыстық мемлекеттік архив қоймасын біршама жеңілдетуге және архивтерді халыққа жақындатуға мүмкіндік берді.

1981 жылдың желтоқсанында Алматы қаласының жаңадан құрылған Орталық мемлекеттік архивіне қалалық мекемелер мен ұйымдарының қорлары берілді.

1992 жылғы ақпаннан бастап Алматы облыстық мемлекеттік архиві Алматы облыстық әкімшілігінің архивтер және құжаттама басқармасына, 1995 жылғы қазаннан бастап Алматы облысы әкімі аппаратына бағынысты болды, ал 1996 жылғы қаңтардан бастап архивтер мен құжаттама басқармасы облыс әкімінің Архив бөлімі болып қайта құрылып,  1997 жылы таратылды, 2000 жылдың маусым айында Алматы облыстық архив басқармасы ретінде қалпына келтіріліп, мемлекеттік архив Штаттарынан бөлінді.

2013 жылдан бастап Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қарамағына ауысты.

2013 жылы «Алматы облысының  мемлекеттік архиві» КММ-нің Алакөл, Ақсу, Балқаш, Ескелді, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Көксу, Кербұлақ, Кеген, Қарасай, Қаратал, Қапшағай қаласы мен Сарқан, Талғар, Текелі, Панфилов, Іле, Ұйғыр аудандарында  орналасқан  18 филиалдары болды.

         2022 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің                  3 мамырдағы № 887 Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы Жарлығымен Алматы облысы: Жетісу және Алматы облыстары болып 2-ге бөлінді. Қапшағай қаласы Алматы облысының орталығына айналып, тарихымыздың ұлы тұлғаларын еске түсірумен бірге Қапшағай қаласы Қонаев қаласы болып өзгертілді.

       Бүгінгі таңда Алматы облысында «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-сі және оның Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Кеген, Қарасай, Қонаев қаласы, Райымбек, Талғар, Іле, Ұйғыр аудандарында орналасқан қалалық/аудандық 10 филиалы жұмыс істейді.